view (39)

Діни экстремизм және терроризм дегеніміз не

Діни экстремизмнің басты сипаты – дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыру, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, сеніміне немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни тәжірибені қолдану.

Діни экстремизм – діндегі шектен шыққан көзқарастар мен әрекеттерге берілгендік. Экстремизмнің зорлықпен, агрессиямен және шектен шыққан қаталдықпен сипатталатын белгілері көп.

Экстремизмнің кең мағынасындағы ұғымы – мемлекеттік құрылысты күштеп өзгерту немесе билікті басып алу, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған діни мотивацияланған әрекет және осы мақсатта діни алауыздық пен өшпенділікті қоздыру.

Латын тілінен аударғанда «қорқыныш, үрей» деген мағынаны білдіретін «терроризм» – экстремизмнің асқынған көрінісі. Терроризм зорлықтың аса қатыгез, үрейлі түрлері мен әдістерін пайдаланып, саяси мақсаттарға қол жеткізуді көздейді.

Террористік актілердің салдарынан адамдар жаппай қырылып, бұқара халықтың басым бөлігі психологиялық қысым көреді, материалдық және рухани құндылықтар қирап, зардаптары кейде қалпына келмейтін деңгейге жетеді. Мемлекеттер арасында алауыздық туындап, соның салдарынан соғыс тұтанады, әлеуметтік және ұлттық топтар арасына сенімсіздік пен өшпенділік әкеледі.

Түрлі қылмыстық топтар мемлекеттік билікке ықпал ету не күйрету үшін террорлық актілерді жүзеге асырады. Терроризм – қазіргі жаһандану қатерлерінің бірі, ауқымдылығы мен жиілігі, адамзатқа қаупі мен қаталдығы тұрғысынан ол әлемдік қауымдастық алдындағы түйткілді мәселеге айналды.

Діни экстремизм мен терроризмнің әлеуметтік зияны мен қаупі:

қоғам мен мемлекетке аса ауыр психологиялық және материалдық шығын әкелуі, адам өмірін қиюы;

азаматтық өшпенділікті немесе алауыздықты тұтатуы, мемлекеттің конституциялық құрылымын өзгертуді және оның аумақтық тұтастығын бұзылуды мақсат ететін бірқатар заңсыз қарулы құрылымдардың қызмет етуі.

Діни экстремизмнің қылмыстық көріністерінің салдары бірден байқалмауы да немесе ұзақ мерзімдік зардаптар әкелуі де мүмкін.

Комментарии закрыты.