20210714_130659

НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ БІР АЙЛЫҚ КУРСҚА ҚАТЫСҚАН ТЕОЛОГТАРҒА СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ

Нұр-Мүбарак университетінде «Исламдық бағыттағы деструктивті және радикалды діни идеологияны ұстанушыларды радикалсыздандыру және оңалту саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру курсы» өз мәресіне жетті. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетімен бірлесіп өткізілген курсқа еліміздің әр аймағынан имамдар, теологтар және басқа да діни салаға тікелей қатысы бар жалпы 64 маман қатысты.
Қазіргі таңда теологтар үшін өзекті мәселелер қамтылып, 140 академиялық сағатқа есептелген 1 айлық курсқа Ақтөбе өңірінен “Аңсар” АТО Арай Бақытғалиева және Гүлфайруз Әжіғалиева, Ақтөбе қаласының дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығының теологы Гүлмайра Тұрлыбекова және Шалқар аудандық дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығының теологы Жұлдыз Тілеубай қатысып, біліктіліктерін арттырды.
Аталған курсты Нұр-Мүбарак университетіндегі білікті оқытушылар, сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы мен республиканың жетекші оқу орындарының осы салада танымал арнайы шақырылған білікті мамандары жүргізді.
Айлық курс соңында қатысушыларға сертификаттар табысталып, салтанатты шарада тыңдаушы теологтар жүрекжарды лебіздерін айтып, естелік суреттерге түсті. Жалпы алғанда, өткізілген курс дін саласындағы мамандар үшін кәсіби біліктілігін арттыратын оң тәжірибе болды.

Комментарии закрыты.